Құран, мазасыз жылқы және періштелер
Құран, мазасыз жылқы және періштелер

Түн іші...  Әлем терең ұйқыда... Тек сахаба Усайд ибн Худайр ғана әсем даусымен Құран оқып отыр... Бақара сүресін оқуда... Ол Құранды оқи бастаған кезде байлаулы тұрған аты мазасызданады. Жылқының  тыпыршығанын сезген Усайд оқып отырған Құранын тоқтатады.  Ат та тынышталады. Усайд Құран оқуын жалғастырады. Жануар қайтадан тыпыршиды. Усайд дауысын бәсеңдетеді, жылқы да тоқтайды. Құран оқудан ләззат алатын ардақты сахаба Құран оқымай отыруға шыдай алмайды. Аздан кейін қайта оқи бастайды. Жылқы да екі аяғын жоғары көтеріп, қайтадан мазасызданады. Осылай бірнеше мәрте қайталанады.  

Аттың жанында Усәйдтің ұлы Яхия ұйықтап жатқан еді. Ұлына зиян тиюінен қауіптенген ол жылқыны алыс жерге апарып арқандамақшы болады. Тұлпарын жетектеген Усәйд жоғарыға қараса, қол созым жерден жұлдыз секілді жарық шашқан бірдеңелерді байқайды.

Ертеңінде таң атысымен Усәйд пайғамбарымыздың ﷺ алдына келіп, көрген-білгендерін айтады. Таңғаларлық оқиғаның себебін сұрайды. Сонда пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ былай дейді:

- Сенің түнде көргенің періштелер болатын. Егер Құран оқуды жалғастырғаныңда, олар сенің жаныңа түсетін еді. Адамдар да періштелерді көретін еді,- дейді.

Иә, Құран – елімізге, жерімізге, шаңырағымызға, жүрегімізге, көңілімізге пәк періштелерді әкелетін, бақыт сыйлап, тыныштыққа бөлейтін қасиетті кітап. Құран арқылы адам Алланы еске алады. Ал жүректер тек Алланы еске алумен ғана тыныштық табады.  Алла Тағаланы екі кітап арқылы тани аламыз. Бірі - жаратылыс кітабы болса, енді бірі - Құран.

Рамазанда қасиетті Құранға көбірек назар аударайық. Көбірек оқиық. Ұғыну үшін аудармасы мен тәпсір еңбектеріне көз жүгіртейік. "Араларыңдағы ең қайырлыларың - Құранды үйренгендерің мен үйреткендерің" деген хадисті ұмытып кетпейік.

Мейірімді Алла жүректерімізді иманның, Құранның нұрымен нұрландырсын!

ОразайОразай
1 год назад 353
0 комментариев
О блоге
0
2074 9 24 2 18