Пайғамбар естелігіне құрмет

Сахабалардың Алла Елшісіне ﷺ деген құрметі қандай еді? Пайғамбардан қалған естелікті қалай қадірлеп еді? Бұл оқиғаның бүгінгінің мұсылманға қатысы қанша? Жазба осы сауалдарға жауап бермек.

Адамзатқа әділдіктің не екенін көрсеткен қаһарман Омар. Туралықтың символы болып тарихта қалған Омар. Әлсіздердің қорғаны, мүминдердің әмірі болған даңқты сахаба - халифа Омар!

Ол исламды қабылдамай тұрып, Мұхаммедті ﷺ өлтіруге ниеттеніп, жолға шығады. Алайда, оған өлім сыйлай алмайды. Есесіне, одан «өмір» тауып, үйіне оралады.

Пайғамбарымыз ﷺ о дүниеге аттанғаннан кейін, бірнеше жылдан соң... Яғни Омардың (р.а) халифалық  кезеңі... Бір күні ол үйінен шығып, мешітке қарай бет алады. Жол бойындағы бір үйдің тамынан үстіне қан ташылайды.... Қан тамған киімімен намаз оқи алмайтындықтан, үйіне қайта оралады. Екінші көйлегі бар ма еді, әлде сол кірленген көйлегін жуып, қайта киді ме, білмеймін, әйтеуір таза киіммен мешітке келеді. Құлшылығын атқарып болған соң мешіттегі халыққа:

- Жамағат, мұсылмандарға қиындық жасап жүрсіңдер,-деп, басынан өткен оқиғаны баяндай келе,- мен сол қан тамшылаған суағарды алып тастадым,- деп, әңгімесін аяқтайды. Оның бұл сөзін естіген Аббас (р.а), пайғамбарымыздың ағасы Аббас орнынан атып тұрады:

- Уа Омар, сен не істедің!? Уа, Омар, сен не істедің? Оны пайғамбарымыз  өз қолымен қойған еді-ғой!? Уа, Омар, сен не бүлдірдің?!

Бұл сөздерді естіген Омардың жүзі бозарып кетеді. Тұрған орнында қатып қалады. Есінен тануға шақ қалады... Сәлден кейін халифа Омар Аббастың алдында тізерлеп:

- Мен басымды жерге имекпін, сен басымды басып, сол суағарды қайта орнына қоясың,- дейді. Сөйтіп, суағар қайта орнына қойылады. Бәдір мен Ұхудта иілмеген, Рим мен Византия секілді екі алып империяны тізе бүктірген Омардың жүзі бір суағарға бола иіледі. Себебі ол суағар - пайғамбардың ﷺ өз қолымен қойған нәрсесі еді. Соңғы елшіден қалған естелік еді. 

Жә, мен бұл оқиғаны не үшін жазып отырмын? Күнімізге оралайық.

Қазіргі таң... Пайғамбарымыз ﷺ өз қолымен орнатқан қаншама нәрсе қирады. Жүрегімізге салған махаббат, мейірім, құрмет, ізет деген нәрселер жермен жексен етілді. Ал біз Омар секілді көз жасымызды төктік пе? Басымызды идік пе? Қазіргі мүшкіл халімізге Омардың суағарға қайғырғанындай қайғыра алдық па?! 

Таяу Шығыста қанды соғыс... Жылаған жетім, зарлаған жесір... Әділетсіздіктер. Тапталаған әйел. Зұлымдық, ластық, аштық... Мұның бәрін өзіміз жасадық. Өзіміз ғана өзгерте аламыз!

       P.  S.

Қазір Рамазан... Рухани жаңару айы... Сүйікті пайғамбар жүрегімізге орнатқан ізгілікті қайта қалыптастырайық.  Қиратқан асылдарымызды қайта қалпына келтірейік. Жоғалтқан мұсылманықты, шынайы мұсылмандықты табайық... Ғасырға созылған қасіреттен құтылайық... Көрсін әлем шынайы мұсылмандықты...

ОразайОразай
1 год назад 769
5 комментариев
  • Таяу Шығыста қанды соғыс... Жылаған жетім, зарлаған жесір... Әділетсіздіктер... Тапталаған әйел... Зұлымдық... ластық.. аштық... Мұның бәрін өзіміз жасадық. Өзіміз ғана өзгерте аламыз!
    Ақиқатында солай. Мына әлемді гүлдендіретін, түрлендіретін, ең сорақысы күлін көкке шығаратын да өзіміз. Аллаһ көрсоқырлықтан, надандықтан, аш көздіктен сақтасын!
    1 год назад
  • Астау емес, суағар ғой. Астау деп қазақта піскен етті салатын ағаш ыдысқа айтылады.
    1 год назад
    • "Тағылым тамшылары" атты кітапта солай жазылыпты, қайдан білейін. Ескертуіңізге рақмет, түзететін боламын.
      1 год назад
    • Аға, біз жақта астау деп қолданады. Тіпті негізгі мағынасын да сіз айтқаннан кейін қарап отырмын. Мағынасы басқа деп ойлап та көрмеппін. Бәріміз өзіміздің өскен жерімізге қарай үйреніп қалғанбыз ғой...
      1 год назад
  • Әсіресе, әлем мұсылмандарының бірлігін қайтару. Қазір әлемде мұсылмандарға зорлық-зомбылық, қысым көп көрсетіліп жатыр.
    1 год назад
О блоге
0
2074 9 24 2 18