Икриманың уәдесі және Біз (жалғасы)

Алыстан Икриманың сұлбасы көрінеді. Мұны байқаған пайғамбарымыздың ﷺ қуанғаны сонша – отырған орнынан атып тұрғанда, иығындағы шапаны жерге түсіп қалады. Оған құшағын ашып, «қош келдің уа хижрет жолаушысы, сәлем саған хижрет жолаушысы» деді. (Хижрет Мекке алынған соң тоқтаған болатын. Алайда, жақсылыққа басылған әр адым хижреттің сауабын береді).

Алла Расулының ﷺ орнынан тұрып қарсы алуы, күлімсіреп, сәлем беруі оның барлық күмәнін сейілтеді. Икриманың жүрегіндегі мұз еріп, көңіліндегі күдік толығымен жойылады:

- Уа Алланың елшісі, мен істеген істеріме өкінемін. Маған исламды үйретесің бе?

Пайғамбар ﷺ асқан ықыласпен исламды түсіндірді. Аздан кейін ол Мұхаммедтің ﷺ алдында тізерлеп отырып иманға қауышады, исламды қабылдайды. Пайғамбарымызға сөз береді:

- Уа Расулалла, осы уақытқа дейін сенің үніңді үшіріп, дініңді жою үшін қанша тер төксем, қанша байлық жұмсасам, соның екі есесін сенің есіміңді, Алланың діні - ислам үшін жұмсаймын!

Икрима берген сөзінде тұрды. Дін үшін аянбай еңбек етті. Пайғамбар тапсырмасын орындап, зекет жинаумен айналысты. Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында талай жорыққа қатысты, талай бүлікті ауыздықтады. Йәмәма шайқасында ерлікпен соғысты. Византиялықтарға қылыш сермеді.

636 жыл... Йәрмук шайқасы...   Мұсылман әскерінің қатарында Икрима да бар.

Бұл соғыста болған оқиғаны Хузәйфа былай әңгімелейді: «шайқастың аяқтала бастаған кезі. Жарақаттанған жауынгерлер ыстық құмның үстінде жан тапсыра бастады. Осы сәтте мен бойымдағы соңғы күшімді жинап, ағамның ұлы Харисты іздей бастадым. Жаралылардың арасын біраз кезіп, іздегенімді таптым. Қолымдағы ыдысты көрсетіп, «су ішесің бе?» дедім. Сөйлеуге шамасы келмеді. Ишарамен «иә» деген белгі берді. Суды қалап тұрғаны түрінен-ақ белгілі еді. Торсықты аша бергенімде:

- Су... Бір тамшы болса да. Су...- деген Икриманың үні естілді.

Харис суды Икримаға беруді өтінді. Ыстық құмның үстінде жатқан шәһидтерден өтіп, оған енді ұсына бергенімде,  Иястың су сұраған даусы естілді. Икрима суға созған қолын бірден кері тартты. Суды ол да ішпеді. «Иясқа бер» деді. Барлық күшімді жинап, үшінші сахаба Иясқа жеткенімде, оның жан тапсырғанын көрдім. Жалма-жан Икримаға бардым. Ол да шейіт болыпты. Хариске келсем, ол да о дүниеге аттаныпты.

Өмірімде талай оқиғаның куәсі болған едім. Олардың ешбірі мені осы оқиғадай әсерлендірген емес. Араларында бір туысқандық байланыс болмаса да, олардың бір-біріне көрсеткен бауырмалдығы мен жомарттығы жадымда мәңгілікке сақталып қалды.»

Ғасырлар бойы миллиондаған мұсылманға айтылып келген осы оқиға кейіпкерлерінің ішінде қаһарманымыз Икрима да бар.  Мұхаммедтің ﷺ мектебінен тәлім алған сахабалардың бауырмалдағы осындай болуы керек. Күнімізде қу күнкөріс үшін бір-бірімен бет жыртысып, досын сатып кетіп жүрген бауырлар осыдан үлгі алса екен.  

Алла Икримаға разы болсын! Ол пайғамбарға берген уәдесінде тұрды. Оған тарих куә. Рас, біз Икрима секілді дінге, Мұхаммедке ﷺ жамандық жасамадық. Бірақ, оның жасағанындай жақсылық та жасай алмадық... Қайсысына қуанамыз, қайсысына өкінеміз?         

Соңы. Басы: мына жерде.

 
ОразайОразай
1 год назад 452
2 комментария
  • Машалла! Әлгі сахабалардың жасағаны неткен тамаша бауырмалдық десеңізші. Мені де осы оқиғадай әлі ешбір оқиға әсерлендірген емес. Ол кісілерден Алла разы болсын!
    1 год назад
  • Сахабалар Пайғамбарымыздың с.а.с әрбір айтқан сөзіне амал ете білген ғой. Осы жерде "өзіңе қалағанды өзгеге қаламайынша, иман келтіргендерден бола алмайсың", "мұсылман мұсылманға бауыр" деген хадистерге амал жасағандарын анық байқауға болады.
    1 год назад
О блоге
0
2074 9 24 2 18